Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылғы 1 — қаңтардан бастап қолданылады. Оны енгізудің арқасында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2,5 еседен астамға өсті. 2019 жылы, МӘМС іске қосылғанға дейін, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне шамамен 1 трлн теңге бөлінді. 2024 жылы медициналық көмекті қаржыландыруға 2,8 трлн теңгеден астам, оның ішінде ТМККК бойынша – 1,6 трлн, МӘМС бойынша – 1,2 трлн теңгеден астам қаражат көзделген. МӘМС есебінен денсаулық сақтауды қаржыландырудың айтарлықтай өсуі медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік берді.
МӘМС жүйесінің негізгі принциптері:
- әлеуметтік бағдар – мемлекет 15 жеңілдік санатындағы 11 миллион азаматқа жарна төлейді;
- ортақ жауапкершілік — халықтың денсаулығы үшін мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтар жауапты;
- медициналық көмекке тең қолжетімділік-әрбір сақтандырылған тұлға төленетін жарналардың мөлшеріне қарамастан, медициналық көмектің қажетті көлеміне құқығы бар;
- ақша пациенттің артынан жүреді — пациент медициналық қызметті алу үшін өз қалауы бойынша медициналық ұйымды таңдай алады, егер ол ұйым Қордың өнім берушісі болса ғана;
- пациенттің құқықтарын қорғау — Қор медициналық ұйымдарға көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізілгеннен кейін ғана медициналық қызметтер үшін ақы төлейді.
МӘМС
МӘМС жарналарын тұрақты төлейтін және «САҚТАНДЫРЫЛҒАН» мәртебесі бар азаматтар медициналық қызметтердің неғұрлым кең тізбесін қосымша төлемсіз-ақ ала алады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру тізбесіне мыналар кіреді:
- Амбулаториялық жағдайдағы медициналық көмек (ауруларды диагностикалау және емдеу):
профилактикалық медициналық қарап — тексерулер (ТМККК бойынша көрсетілетіндерді қоспағанда);
- МСАК дәрігерлерінің жолдамасы бойынша бейінді мамандардың қабылдауы және консультациясы;
- бейінді мамандардың созылмалы аурулары бар адамдарды динамикалық бақылауы;
- халықтың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы нысанда стоматологиялық көмек көрсету;
- тізбеге сәйкес диагностикалық қызметтер, оның ішінде зертханалық диагностика;
- тізбе бойынша басқа рәсімдер мен манипуляциялар.
- Стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек (ТМККК шеңберінде ауруларды емдеу жағдайларын қоспағанда); сондай-ақ елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына әкелетін аурулар кезінде және оларға күдік туындаған жағдайларда үйдегі стационардың қызметтері.
- Жоспарлы нысандағы стационарлық жағдайларда мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек (ТМККК шеңберінде ауруларды емдеу жағдайларын қоспағанда).
- Шұғыл нысандағы стационарлық жағдайда мамандандырылған көмек, оның ішінде тәуліктік стационар жағдайында емдеуді талап етпейтін диагноз қойылғанға дейін тәуліктік стационардың қабылдау бөлімшесінде емдеу — диагностикалық іс-шаралар жүргізу (ТМККК шеңберінде ауруларды емдеу жағдайларын қоспағанда).
- Медициналық оңалту.
- Патологиялық — анатомиялық диагностика.
- Өлімнен кейінгі донорды дайындау.
- МӘМС жүйесінде көмек көрсетілген кезде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету:
- денсаулық сақтау ұйымдарының дәрілік формулярларына сәйкес стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек;
- уәкілетті орган бекітетін белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттары үшін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың тізбесіне сәйкес амбулаториялық жағдайларда медициналық-санитариялық алғашқы және мамандандырылған медициналық көмек.
«Сақтандырылған» мәртебесін қалай алуға болады?
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 2022 жылғы 5 қыркүйектен бастап «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына МӘМС жүйесіне қатысудың баламалы тәсілін көздейтін өзгерістер күшіне енді.
Бұрын сақтандырылған мәртебесін алу үшін өткен 12 айға төлем жасау керек болды. Ал төлемдер болмаса, қарыз пайда болатын. Енді мәртебені алдағы 12 айға жарна төлеу арқылы алуға болады, яғни өткен жылғы қарызды өтеудің қажеті жоқ.
Бір жыл бұрын сақтандырылу үшін әр айға 4 250 теңгеден жарна төлеу қажет. Ескеретін жайт, 12 айды жеке жеке төлеу маңызды. Өйткені жарналарды бір сомамен 51 000 теңге етіп төлеген кезде, жүйе жаңа тетік бойынша мәртебе бермейді.
МӘМС жарналарын кез келген екінші деңгейдегі банк, банктердің мобильді қосымшалары, жылдам төлем терминалдары және "Қазпошта"филиалдары арқылы төлеуге болады.
Мемлекет есебінен сақтандырылған жеңілдікті санаттарға келесі азаматтар жатады:
- 18 жасқа дейінгі балалар;
- жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;
- бала үш жасқа толғанға дейін оны тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адамдар;
- жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға, сондай-ақ баланы үш жасқа толғанға дейін күтуге байланысты демалыста жүрген адамдар;
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар;
- мүгедек балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін тұлғалар;
- бала кезінен мүгедектерге күтім жасаушылар;
- мүгедектігі бар адамдар;
- зейнеткерлер мен ҰОС ардагерлері;
- орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алатын адамдар;
- жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар;
- жұмыс істемейтін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
- жұмыс істемейтін оралмандар;
- қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген адамдар;
- тергеу изоляторларындағы адамдар.
Егер сіз көрсетілген санаттардың біріне жататын болсаңыз, бірақ сақтандырылмаған болсаңыз, онда растайтын құжаттардың тізімін жинап, оларды уәкілетті мемлекеттік органға ұсыну қажет. Барлық қажетті рәсімдерден кейін сізді женілдікті санатқа қосады, жарналарды сіз үшін мемлекет төлейді.
Ломоносовская ВА
Старший врач /ВОП /: Наурызбекова Н.Н.
https://www.facebook.com/share/p/1DyB2tbRTJ/
https://www.instagram.com/p/DCYNwQWPMDs/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==
Қараулар: 85