Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады. Оны енгізудің арқасында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2,5 еседен астам өсті. 2019 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне шамамен 1 трлн теңге бөлінді. 2024 жылы медициналық көмекке 2,8 трлн теңгеден астам, оның ішінде ТМККК бойынша 1,6 трлн және МӘМС бойынша 1,2 трлн теңгеден астам қаражат көзделді. Бұл медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартты.
МӘМС жүйесінің негізгі қағидаттары
- Әлеуметтік бағдар: мемлекет 15 жеңілдік санатындағы 11 миллион азаматқа жарна төлейді.
- Ортақ жауапкершілік: халықтың денсаулығы үшін мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтар жауапты.
- Медициналық көмекке тең қолжетімділік: сақтандырылған әрбір адам жарна мөлшеріне қарамастан қажетті көмек алуға құқылы.
- Ақша пациенттің артынан жүреді: пациент Қордың өнім берушісі болып табылатын медициналық ұйымды таңдай алады.
- Пациент құқықтарын қорғау: Қор медициналық ұйымдарға көрсетілген көмектің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізгеннен кейін ақы төлейді.
МӘМС жарналарын тұрақты төлеп, «САҚТАНДЫРЫЛҒАН» мәртебесі бар азаматтар медициналық қызметтердің кеңейтілген тізбесін қосымша төлемсіз ала алады.
МӘМС шеңберіндегі қызметтер
- Амбулаториялық жағдайда ауруларды диагностикалау және емдеу, профилактикалық медициналық қарап-тексерулер, МСАК дәрігерінің жолдамасымен бейінді мамандардың консультациясы және созылмалы ауруларды динамикалық бақылау.
- Жекелеген санаттарға шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек, зертханалық диагностика және басқа рәсімдер.
- Стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайларда мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек.
- Медициналық оңалту, патологиялық-анатомиялық диагностика және қайтыс болғаннан кейін донорды дайындау.
- Стационарда дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету.
Сақтандырылған мәртебесін алу
2022 жылғы 5 қыркүйектен бастап МӘМС жүйесіне қатысудың баламалы тәсілі қолданылады: мәртебені алдағы 12 ай үшін жарна төлеу арқылы алуға болады, өткен жылғы берешекті өтеу қажет емес. Әр айға 4 250 теңгеден жеке-жеке төлеу керек; 51 000 теңгені бір сомамен төлеу мәртебе бермейді. Жарналарды екінші деңгейдегі банктер, мобильді қосымшалар, төлем терминалдары және Қазпошта арқылы төлеуге болады.
Мемлекет жарна төлейтін азаматтар
- 18 жасқа дейінгі балалар.
- Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер және бала үш жасқа толғанға дейін оны тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адамдар.
- Жүктілікке, босануға, жаңа туған баланы асырап алуға және бала күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар.
- «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр Ана» наградалары мен I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендері бар көпбалалы аналар.
- Мүгедек балаға немесе бала кезінен мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар.
- Мүгедектігі бар адамдар, зейнеткерлер және ҰОС ардагерлері.
- Күндізгі оқу нысанында оқитын студенттер, жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар, жұмыс істемейтін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен оралмандар.
- Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жүрген және тергеу изоляторларындағы адамдар.
Егер жеңілдік санатына жатсаңыз, бірақ сақтандырылмаған болсаңыз, растайтын құжаттарды уәкілетті мемлекеттік органға ұсыну қажет. Рәсімдерден кейін мемлекет сіз үшін жарна төлейді.
Ломоносовская дәрігерлік амбулаториясы. Аға дәрігер, ЖПД Наурызбекова Н. Н.




